Іс-шаралар

 
23 сәуір – Халықаралық кітап және авторлық құқық күніне арналған
 « Кітап – мәңгілік елдің құндылығы» атты мерекелік   шараның сценарийі

(Мерекелік шара басталар алдында аудандық мәдениет үйінің фойесінде «Кітап- мәңгілік елдің құндылығы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, жазушы Тобық Жармағанбетовтың шығармаларына және жаңа кітаптарға шолу жасалынады. Кітап туралы нақыл сөздер  оқылады.)
Мерекелік шара жас оқырмандар тобынан құралған әдеби монтажбен ашылады. Ортаға жүргізуші шығады.)

Армысыздар қымбатты қоңақтар, кітап сүйер қауым, кітапхана оқырмандары!


 Жүргізуші:  Кітап - өмір ешқашан сарқылмайтын,
                        Мен оны құшып сүйем құшаққа ала.
                       Сәулесі кұн нұрындай жарқылдайтын,
                       Мен үшін қасиетті үй – кітапхана  дей келе бүгінгі 23 сәуір – халықаралық кітап және авторлық құқық күніне арналған
 « Кітап – мәңгілік елдің құндылығы» атты мерекелік шараға қош келдіңіздер!

   Жүргізуші: Кітап - әлемде ешбір теңдесі жоқ ғажайып дүние. Кітап –білім қазығы, өмір азығы болса, кітапхана- халықты әлемдік өркениетпен таныстыратын, ұлттық болмысымызды әлемдік руханиятпен табыстыратын қасиетті орда, сана мен ойдың шамшырақ сарайы. Уақыт талабынан қалмауда, өмірдің ағымдағы жаңалығын жанымен сезінуде, естіп ой түюде, қоршаған әлемді танып- біліп, ішкі дүниесін өрістетуде, кітаптың маңызы өте зор. «Кітапхана – мәңгілік парасаттың ең киелі ғимараты»- деп Әбіш Кекілбаев айтқандай, тарихтың небір құпиясы мен  әлемдік ақыл- ойдың інжу- маржанын қойнына сақтап тұрған кітапхана.
     Жүргізуші:Кітапты мәңгілік рухани азық деп таныған жандар, кітаптың келешекке адамзат баласының иманы жан тазалығының кепілі.  Есте жоқ ескі заманда фәниден –бақиға өткелі жатқан кемел ойлы кемеңгер бір ғұламадан: «Халықтың қазынасы дегеніміз не?» деп сұрапты ел. Сонда, «Ол – кітап» - деп жауап беріпті ғұлама.  Одан беріректегі ұлы Шекспир: «Кітап маған тақтан да қымбат» деген. Ал, бүгінгінің бірегей ұлы, Елбасымыз Н.Назарбаев «Кітап – ең сабырлы ұстаз»- дейді яғни, заман өзгеріп, жылдар өзгеріп, жылдар жаңғырғанымен, адамзат үшін кітап атты киелі дүниенің орны бөлек, бәсі қымбат қазына болып қала бермек.
  Ауданымызда кітапханаға жиі қатынап, өз білімін тереңдете, қызығушылықпен кітап оқитын кітапқұмар оқырмандарымыз жылдан- жылға көбеюде, олар кітапханаларда өткізілетін барлық іс- шараларға атсалысып, белсенділік танытуда.
    Қазір үлкен құрметпен, 23 сәуір- Бүкіләлемдік кітап және авторлық құқықты сақтау күніне арналған мерекелік құттықтау сөзге және марапаттау рәсіміне кезек берелік.

     І.   Мұғалжар аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Әбілхан Ермағанбетұлы Алдабергенге

   ІІ. Мұғалжар аудандық  мұрағат басшысы, «Қазақ тілі « қоғамының төрағасы Құрал Байсұлтановқа
   ІІІ.Мұғалжар аудандық орталық кітапхана директоры Әлима Мәденқызы Ниязбековаға береміз.
    
   Жүргізуші : Биыл жазушы Т.Жармағанбетовтың туғанына 80 жыл толып отыр.
Тобық Жармағанбетов – қазақ ұлтының кешегісі  ғана емес, ертеңімен де қол ұстасып бірге кететін тұлға.  Ол әдебиетке өзінің бөлек үнімен, нақышты суретімен, әр қилы сыры мол мінез жасау шеберлігімен, өз түсінігімен, білім – парасатымен келді.
       Жүргізуші: 2011 жылдан бастау алған облыстық «Оқитын өлке» акциясы бойынша, биыл жазушы Тобық Жармағанбетовтың шығармалары таңдалынды. Бұл акцияның  мақсаты оқу мәдениетін дамыту және қолдау, тарихи- мәдени және рухани құндылықтарды сақтау, жастарға өлкенің ең үздік туындылары мен қаламгерлерін насихаттау болатын.
   Ендеше, жазушы Тобық Жармағанбетовтың өмірі мен шығармашылығы туралы аудандық орталық кітапхананың кітапханашысы Аманкүл Қарашбаеваға береміз.

        Жүргізуші:    Өмір деген сағат қой  ол тілімдей,

                             Жүрек тоқтап өзіме де білінбей,
                             Аға ұрпақтар сені білер- ел халық,
                              Еске алады туыс аға- інідей .
«Қазақ прозасының соңғы толқыны сан жағынан да, сапа жағынан да- дәстүрді жалғайтын жаңашылдықты, жас әдебиеттің іздемімпаз, өскелең келбетін таныта келді...Біздің әдебиетімізді ерекше байытқан, ерекше көркейткен, аса қуатты,  мерейі үстем осы толқын өкілдері арасында  «Екі жүрек», «Отамалы», Нәзік бұлттар» сынды алғашқы туындыларымен- ақ оқырманның назарын бірден жаулап, әдебиет әлеміне үнімен еніп, енді үлкен биіктерге қол соза берген шағында, «болашағы алда» дейтіндей, бергенінен берері көп шағында соңындағы мыңдаған жанашырларын - әдебиет жанашырларын өкіндіріп, тым ерте үзілген дарын иесі- Тобық Жармағанбетов еді.
 Жазушы туралы естеліктерді бүгінгі шақырылған қонақтарымызға береміз.
1.  Ардагер журналист, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі --   Қуаныш Кенжегалиев. Ағай сөз кезегі өзіңізде
2. Жазушының жерлесі, зейнеткер – Жұмабай Бейбіт  Егдірұлы Жұмабай
     3.. Кітапхананың құрметті зейнеткері- Жанесова Ғалияш Мұқтарқызы
     4. «Жастар» ресурстық орталығының басшысы - Әнуар Искарин
   
         Жүргізуші:     Кітапты оқып, көсегесі көгерер
                                  Осы жерде, бір- бір алып кемелер
                                                              Том- том кітап, бәрі үнсіз болғанмен,
                                  Ішін ашсаң сөйлеп ала жөнелер!.
  Өмірге ғашық, жалынды жүрегі өмір күйін шертіп өткен сондай аяулы азаматтың бірі – жазушы тобық Жармағанбетов. Ол әдебиет әлемінде жарқ етіп көрінді де, жанып үлгере алмай, беретінінің бестен бірін бере алмай, ерте дүние салды. Табиғаттың өзі толғатып туған тамаша таланттың бар асылы бойында кетті.Соңғы сөзі қаламының ұшында қалды.
Т.Жармағанбетовтың шығармалары облыс, аудан көлемінде оқылып, оған барлық ниеттенген оқырмандар осы тақырыпты талқылап, шығармаларының  құндылығын түсінуде.
 Енді шарамыздың осы екінші бөліміне тоқталып, кезекті Т.Жармағанбетовтың «Нәзік бұлттар», «Отамалы» шығармаларын талдауға береміз.

(кітапты кітапхана қызметкерлері мен оқырмандар талдайды. Ал, кезек өздеріңізде)


Жүргізуші: Сонымен , «Нәзік бұлттар» повесінен біз Теміржан, Күнсая, Ілия сияқты  жастарымыздың арманшыл, батыл, ер тұлғасын көрдік,. Олардың нәзік сезімнің куәсі  болдық. Дархан даламыздың сұлу көркімен сусындадық.


 Жүргізуші:   Жазушының  келесі шығармасы  «Отамалы»  -этнографиялық әңгіме. Халық календарындағы бесқонақты халқымыз екінші сөзбен  « Отамалы» деп атап, кәсіпке бейімдеп аңызға қосқан.

 Олай болса , жазушының   « Отамалы» шығармасынан шағын көрініс
  
 Жүргізуші:   Кетсең де қалды шуағың,
                       Шығармаларың – бұлағың.
                        Өшпейсің әр кез естесің,
                        Сөздерің тасқын, тың ағын,-деп Тобық Жармағанбетов шығармалары өзінің жастық сезім- серпінімен, шынайы сыршылдығымен, терең де салиқалы азаматтық мазмұнымен әрдайым оқырмандар  қауымның ықыласына бөленген. Ол  дүниеден  кетсе де, мыңдаған оқушыларының, достарының, туғандарының , оқырмандарының  мәңгі көңілінде. .Шығармалары-өзі болып жүреді,өзі болып өмір сүреді.
Олай дейтініміз, өздерің көріп, куәсі болғандай жазушы арманы орындалып. шығармалары бүгінде  жаңартылып, өңделіп « Ақтөбе кітапханасы» сериясымен  көптеп  шығарылып,   жерлес  оқырмандарының қолына    тиіп, бүгінде облыс, аудан кітапханаларында  насихатталып жатыр.
  Облыстық «Оқитын өлке» акциясы бойынша таңдалынған  Т.Жармағанбетовтың шығармалары бойынша бүгінгі  «Кітап- мәңгілік елдің құндылығы» атты мерекелік шарамызды аяқтай отырып, сіздерге алтын уақыттарыңызды бөліп, акцияға атсалысқандарыңыз үшін ризашылығымызды білдіре отырып, кітапхана оқырмандарын Тобық Жармағанбетовтың шығармаларын оқуға шақырамыз.Келесі кездескенше  сау – саламатта болыңыздар!


16 мамыр- 22 тамыз аралығындағы өтетін дәстүрлі мәдениет күндерінің  кезекті аудандық орталық кітапхананың «Кітап – адамзаттың асыл қазынасы» атты  мерекелік шараның сценарииі
                                                                     Өтетін орны:
                                                 Өтетін уақыты: 2014ж, 18 шілде, сағ 20-де
                                                  Қатысушылар: Қала халқының тұрғындары

Армысыздар құрметті қонақтар, әріптестер және кітапхана оқырмандары!

Жүргізуші:              Адамның досы- кітап, өмір кілті,
                      Тең келмес оған жиған дүние мүлкі.
                     Ақылшы, жанға серік жол бастаушы,
                     Асыл ой, қазынасы, өмір көркі- деп  бүгінгі кітапхана ілім- білім бұлағы кітап атаулының шоғырланған мекемесі –адамзат баласының рухани тыныс- тіршілігінің айнасы іспетті. Бүкіл өркениет әлемін ілгері қозғап келе жатқан, рухани қазынамызды дамытушы күштердің негізі мәдениет, білім, ғылым десек, осы үш тұғырды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші қасиетті кітап.  Жастардың бойына ұлттық сананы қалыптастырып, отансүйгіштік қасиеттерін дарытатын рухани орда ол - кітапхана. Аудан орталығындағы  орталық, қалалық жасөспірімдер және балалар кітапханалары білім мен ақпарат орталығы бола отырып, жастардың  рухани жан-дүниесін, ой-өрісін байытуға, қоғамның салауатты азаматы етіп тәрбиелеуде, адамгершілікке, елін, жерін сүюге бағыттаған іс – шараларының маңызы өте зор.

Жүргізуші:  Кітапхана - болашаққа жол басы,
              Кітапхана – арман-ойдың ордасы.
              Тектіліктің тұмасынан бастаған,
              Бағыты айқын ақыл- өзен арнасы
              Оқырманға орда кілтін ашатын,
              Саналарға сәулелі нұр шашатын,
              Кісілікке қызмет етер қашан да,
              Кітапханашыларымыз жасасын -дей  келе,  қазір сіздердің алдарыңызға  аудандық орталық кітапхананың   қызметкері, жас маман ,өнерпазымыз
 Мейрамкүл  Махамбетованың орындауында «Келем деші» әнін қабыл алыңыздар! 

Жүргізуші:  Қазақстанның халық артисі, актер Серке Қожамқұлов: «Кітап - өмір ұстазы. Сондықтан жастар кітап оқуды күнделікті әдет қылуы тиіс. Кітап оқымай өмірді білу, білім алу мүмкін емес» деген екен. Сәби шағынан, ботжеткен мен бозбала кезінен, көкөрім қыздарымыз бен жігіттеріміз осыны көңілге түйіп өтсе, кітапты жанына серік етсе өмір баспалдақтарын нық әрі сенімді аттары сөзсіз.Жыл сайын кітапты насихаттау мақсатында республика, облыс, аудан көлемінде «Бір ел, бір кітап», «Оқитын өлке» акциялары ұйымдастырылуда.
Облысымызда 2011жылдан бастап ең үздік өлкелік әдеби туындыларды насихаттау мақсатында   «Оқитын өлке» акциясы қолға алынып,  биылғы жылы жазушы Тобық Жармағанбетовтың «Отамалы», «Нәзік бұлттар» шығармалары таңдалды,   «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы Қазақстанда аса танымал жобалардың біріне айналды. Оқырман қауым жалпыға бірдей оқуға ұсынылған туындыларды өте қызығушылықпен оқи отырып, автордың өмірбаянымен және шығармашылық жолымен танысады.  “Бір ел – бір кітап”  акциясы Қазақстанда алғаш рет 2007 жылы бастау алған.
2014 жылы бүкіл ел Сайын Мұратбековтың
“Басында Үшқараның” және “Жусан иісі” әңгімелерін оқиды.
Биіктей бер, мақсаты үлкен шаңырақ,
Тануда әлем, алдың нұрлы шамшырақ.
Ой еңбегі жарқырасын өміршең,
Ғылым- ілім өркендеп өс, болашақ!- деп  сіздердіңі алдарыңызға қалалық жасөспірімдер кітапханасының  белсенді оқырманы -------------------------------------------------------------------------------------------------------------------- шақырамыз.

Жүргізуші: Рухани азық іздеген көзі ашық, көкірегі ояу әрбір адамның келер шаңырағы – кітапхана екені сөзсіз. Біздің еліміздегі  кітапханалар азаматтарымыздың рухани баюына, жалпы өсіп -өнуіне, дамуына ықпал ететін үлкен жүйе болып табылады.
Би билеп, шарықтап ой, нәзік сезім,
Кітапқа – «алғыс айтам»,-  жалғыз өзім.
Сенемін, өзіме- өзім сол уақытта,
Қалаймын, келешекте үміт көзін- дей келе қазір сіздердің алдарыңызда аудандық орталық балалар кітапханасының оқырманы Зинира Қазмұханбетованың орындауында  «Адай» биі

 Жүргізуші: Сонымен қатар, өскелең ұрпақты жан-жақты жетілген адамгершілігі  мол азамат етіп тәрбиелеуде ертегінің алатын орны ерекше екендігі белгілі..  Қазақ  ертегілерінің мақсаты – ойдан туған оқиға арқылы, жаман мен жақсыны ажыратып көрсете отыра, оқырманға ой тастау. адал болуға, мейірімді, сыпайы, қарапайым болуға тәрбиелейді. Сіздердің назарларыңызда аудандық орталық балалар  кітапханасының дайындаған «Батпан құйрық» қазақ ертегісін тамашалауға шақырамыз.
Жүргізуші: Ғ.Мүсіреповтің : «Кітап дегеніміз-алдыңғы ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік» деген сөзі бар.
 «Кітап – білім бұлағы»-деп айтады Ел,
Жан- дүниең шөліркесе қайта кел.
Қанып ішсең қайнарынан білімнің,
Заман көшін бастадым- деп айта бер- деп қазір сіздердің алдарыңызда аудандық орталық балалар  кітапханасының мәдени шараларға белсене араласатын  оқырманымыз Зинира Қазмұханбетованың орындауында
«Толғау» әні
Жүргізуші:  Кітапхана – оқырмандар  ордасы
              Талпынғанға ең алғашқы қолдаушы.
              Қажетті өтеу – кітапхана парызы,
              Іздегенді бағыттаушы, жол басшы!  - деп бүгінігі  мәдениет күндеріне арнаған  « Кітап – адамзаттың  асыл қазынасы» атты  мерекелік шарамызды аяқтаймыз.

                               


«Табиғат толғағынан туған талант» атты  кітапханалық сабақтың    сценарииі
                                              
                                        Өткізілетін орны: Қандыағаш қаласының
                                                                                             №2 орта мектебі
                                                            Өткізілетін уақыты: 2014 ж.13 сәуір
                                                                                                  Сағ 11-00де
                                                             Қатысушылар:   мектеп оқушылары,   
                                                                                          ұстаздар.т.б оқырмандар
   
 Жүргізуші:                    Адамның досы-  кітап, өмір кілті,
                                 Тең емес соған жиған дүние – мүлкің.
                                 Ақылшы жанға серік жолбастаушы,
                                 Ақыл ой қазынасы өмір кілті –дей келе бүгінгі «Табиғат толғағынан туған талант» атты кітапханалық сабаққа қош келдіңіздер!
Жүргізуші: Кітап – біздің рухани құндылығымыз, теңдессіз байлығымыз. Өткен замандардың тұңғиық тереңінен сыр шертетін тарихты да, әдебиетті де, басқа ғылым кереметтерін де кітаптан табамыз. Талай оқиғалардың куәсі, талай жаңалықтың көзі – осы кітаптар.
Адам баласы сол байлықтың көзін «Кітап» деген құдіреттен тапты. Ғылым мен техника, жоғары технология дамыған ХХІ ғасырда да  бәрінің бастау алар қайнар көзі –кітап.
Биыл жазушы Тобық Жармағанбетовтың туғанына 80 жыл толып отыр.
Тобық Жармағанбетов- қазақ ұлтының кешегісі ғана емес, ертеңімен де қол ұстасып бірге кететін тұлға. Ол әдебиетке өзінің бөлек үнімен, нақышты суретімен, әр қилы сыры мол мінез жасау шеберлігімен, өз түсінігімен, білім – парасатымен келді.
Жүргізуші:  Облысымызда 2011 жылдан бастап  үздік  өлкелік әдеби туындыларды насихаттау мақсатында «Оқитын өлке» акциясы қолға алынды. Акцияға 2011 жылы Ғалым Ахмедовтың «Жем бойында» атты тарихи романы,2012 жылы М.Құрманалиннің «Жұлдызды жорық»кітабы, былтыр  Т.Ахтановтың  «Шырағың сөнбесін» шығармасын,  биыл жазушы Тобық  Жармағанбетовтың шығармалары таңдалынды. Бұл акцияның мақсаты оқу мәдениетін дамыту және қолдау, тарихи- мәдени және рухани құндылықтарды сақтау, жастарға өлкенің ең үздік туындылары мен қаламгерлерін насихаттау.
Ендеше, жазушы Тобық Жармағанбетовтың өмірі мен шығармашылығы туралы аудандық орталық кітапхананың кітапханашысы Аманкүл Қарашбаеваға беріледі.
Жүргізуші:  Өмірге ғашық, жалынды жүрегі өмір күйін шертіп өткен сондай аяулы азаматтың бірі – жазушы Тобық Жармағанбетов. Ол әдебиет әлемінде жарқ етіп көрінді де, жанып үлгере алмай, берекетінің бестен бірін бере алмай, ерте дүние салды. Табиғаттың өзі толғатып туған  тамаша таланттың бар асылы бойында кетті. Соңғы сөзі қаламының ұшында қалды.
                      Кетсең де қалды шуағың,
                      Шығармаларың – бұлағың.
                      Өшпейсің әр кез естесің,
                     Сөздерің тасқын, тың ағын,- деп Тобық Жармағанбетовке арналған ақын- жазушылардың шығармалары жайлы  9 сынып оқушыларына  береміз.
1. А.Төреғалиев. М.Құрманалиннің «Сезімтал суреткер еді»
2. Ж.Төлеген. Е.Дүйсенбаевтың  «Ақ желкен ағыстар»
3. Ж.Сырлыбай. Н.Қалауовтың «Ұстаз»
4. Н.Медет. Е.Дүйсенбаевтың «Ақ жаңбыр»
5. А.Роман. М.Құрманалиннің «Жайсаң жан еді- Тобық»
6. Д.Олжабаева .Е.Дүйсенбаевтың «Толқыннан бүгін Тобықты көрдім...

Жүргізуші: «Қазақ прозасының соңғы толқыны сан жағынан да сапа жағынан да дәстүрді жалғайтын жаңашылдықты, жас әдебиеттің іздемімпаз, өскелең келбетін таныта келді... Біздің әдебиетімізді ерекше байытқан, ерекше көркейткен, аса қуатты, мерейі үстем осы толқын өкілдері арасында «Екі жүрек», «Отамалы», «Нәзік бұлттар» сынды алғашқы туындыларымен –ақ оқырманның назарын бірден жаулап, әдебиет әлемінде үнімен еніп, енді үлкен биіктерге қол соза берген шағында, « болашағы алда» дейтіндей, бергенінен берері көп шағында соңындағы мыңдаған жанашырларын- әдебиет жанашырларын өкіндіріп, тым ерте үзілген дарын иесі – Тобық Жармағанбетов.
                          Туыңдың «Екі жүрек», «Нәзік бұлттар»,
                         «Қызыл ай», «Сентябрь түні», «Соңғы хатта»
                          Кітаптың тартымдысын содан білің,
                         Оқушың біліп алды сөзін жатқа – деп ендігі сөз кезегін Тобық туындыларындағы қанатты сөздер туралы  қазақ тілі пәнінің мұғалімі  Альбина Ұлмағанбетоваға береміз.

Жүргізуші: Тобық Жармағанбетов оқушы қауымды өзіндік үнімен селт еткізіп, жұртшылықтың мол ықылас- пейіліне ие болып келе жатқан жазушы еді.Оның жаңа басталып келе жатқан творчествосы әдебиетіміздің мөлдір бір бұлағындай сылдырлаған нәзік әуен танытқан. Аз өмірінің ішінде беріп үлгерген алғашқы кітаптары осының куәсі еді. Алайда артында аз да болса асыл еңбектері қалды. Қазір сіздердің алдарыңызға  аудандық орталық кітапхана ұйымдастырылған  «Жайсаң жан  еді – Тобық»  атты кітап көрмесімен кітапханашы Клара Есмұқанова таныстырады.
Жүргізуші:         Шығармаңыз шыға біліп талғамнан,
                      Арыла алмай асқақтаған арманнан.
                      «Соңғы хатты» жаздың да сен, ағажан,
                     Кете бардың мынау жарық жалғаннан.
                     Асуларың көп еді әлі алмаған,
                     Қыран едің ел көгінде самғаған.
                     Келешекке қадам басқан үмітпен,
                     Жас ақынның саған жыры арналған - деп Тобық Жармағанбетовтың шығармалары өзінің жастық сезім – серпінімен, шынайы сыршылдығымен, терең де салиқалы азаматтық мазмұнымен әрдайым оқырмандар қауымның ықыласына    бөленген. Ол дүниеден кетсе де, мыңдаған оқушыларының, достарының, туғандарының, оқырмандарының мәңгі көңілінде - дей келе «Табиғат толғағынан туған талант» атты кітапханалық сабағымызды аяқтаймыз. Келесі жүздескенше, сау- саламатта болыңдар!