Қолданушымыз
Гүлнұр Тойшыбекқызы ақын Сағи Жиенбаев туралы толғанысын жолдапты. Ақынның
нәзік жырына үңілген Гүлнұрдың шағын зерттеуі кемшіліксіз емес. Дегенмен,
әдебиет әлемін ұққысы келген балаң көңілдің талпынысын бағалауды өзіңіздің
еншіңізге қалдырдық, талғамы биік оқырман!
Ақынды
ақын ететін оның өлеңдері. Әр ақын өз заманының шындығын жырына арқау ете
білуі керек. Сонда ғана оның өлеңдері әсерлі шығады. Ақын болып дүниеге келіп,
ақын болып өткен қазақтың дарынды ұлдарының бірі - Сағи
Жиенбаев. Ол ешкімге ұқсамайтын, өзіндік қолтаңбасы бар
ақын. Оның өлеңдері халық көңілінен шығып, жүректерінен орын тапқан. Себебі,
өлеңдерінде өмір бар. Ыстығы мен суығы, ащысы мен тәттісі араласып жатқан
кәдімгі өмір жырланады. Ол өлеңдерінде өмірдің бар шындығын, бірін қалдырмай
шебер жырлай білген.
Сағи Жиенбаев соғыс
басталғанда небәрі жеті жаста болған. Сондықтан сонау сұрапыл соғыс кезіндегі
ауыл балаларының қалай күн кешкендері суреттелетін өлеңдері баршылық.
Ақынның:
Қадалып түнде ...
елеңдеп,
Қарсы алып таңның арайын,
Көкешімді ертіп келер деп,
Өлеңмен жаздым талайын,- деген «Хат»
өлеңінде ағасына хат жазып, оның майданнан аман-есен оралуын асыға күткен бала
сезімі шебер көрсетілген.
Есіңде бар ма, бауырым,
Сол күнгі таңның
атқаны.
Ауылдың бәрі
ағылып,
Төбеге шұбап
жатқаны.
Әлі де көз алдымда
Сұрапыл өрттен қайтқан ер
Жалғызын қоршап адырда
Жамырай сүйіп жатқан ел!
- деп сұрапыл күннің
артта қалып, ауылдың жарқын, шуақты, көптен күткен қуанышты күннің келгенін
қалай қарсы алғанын шебер жырлайды.
Сағи Жиенбаев бармаған
тақырып жоқ шығар. Осы уақытқа дейінгі барлық ақын өз жырына қосқан махаббат
тақырыбын Сағи ақын да өз өлеңіне арқау етеді. Мысалы, «Гүл» деген өлеңінде:
Кеудемде соның тұрды
үні,
Гүл көрдім содан, нұр көрдім.
Отыра қалып бір күні,
Суретін салдым гүлдердің.
-дейді. Мұндағы өлеңде
балалық сезім суреттеледі. Мектепке жаңадан келген қызды көріп, өзінің ерекше
көңілге бөленетінін жасырмай айтып, қыз бейнесін гүлге теңейді.
«Қыз туфлиі» деген өлеңде
жас ақынның жыр деген бәйгеден озып, қыз туфлиін жеңіп алатыны, жеңіске жеткен
жас ақын үшін алтын, күмістің қажет емес, оған қыз деген бір сөзден артық
сыйдың жоқтығы айтылып келіп, қыздарды ақын:
Қыз деген –
әппақ періште.
Қыз деген-
мәңгі сұлулық – деп аппақ
періште мен сұлулыққа теңейді.
Ал «Іздедім сені»
өлеңінде:
Армансыз қудым, маралым,
Қайтпадым іздеп тапқанша...
Жанымда болсаң, жарадың
Жұлдызым көктен
аққанша, -дейді. Ақын бұл
өлеңінде өзінің сүйгенін қаптаған жұлдыздар ішінен іздеп, талай рет ормандарда
адасқанын айтып келіп, оны іздеп тапқанша жалықпайтынын шебер көрсете біледі.
Оны мына «Көгілдір орамал» деген өлеңнен де байқауға болады:
Қайырылмай олда кетті үнсіз,
Қайда жүр қазір мекендеп.
Жол кезем ылғи дегбірсіз
Жолығып қалар ма екен деп.
Сонымен қатар «Талайлар
мені елжіреп, құрметтейтін» деген өлеңде оны талай жандардың сыйлап, жанынан
үйіріліп шықпайтынын, бірақ қаншама керемет деген жандар жанында болғанымен,
оған бәрібір қасында біреудің жоқтығын және оны тапқанша іздейтінін айтады:
Күндіз-түн сол жоғымды іздейтінмін,
Таппасам маған өмір мұз дейтінмін.
Кетсе де, жолдар ұзап, жылдар ағып,
Мен одан күдерімді үзбейтінмін.
«Бір адам » деген
өлеңінде ақын әр жанның жүрегінде сағынатын, аңсайтын, тек соған ғана мұңын
айтып, сырласатын бір адам болуы керек дейді.
Мен
білмеймін–
Тазамысың күнәдан?!
Тірлік деген
бұлтанақ та бұралаң...
Өміріңде
аңсап қана жүретін–
Көңіліңде
тұру керек бір адам!..
Сағи Жиенбаевтің
махаббат туралы кез келген өлеңін оқып көрсеңіз, ол өзінің жанына жақын бір
жанды іздеумен жүреді.
Ақын жылдың төрт
мезгіліне арналған өлеңдерді де көптеп жазды. Мысалы, «Көктем еді»,
«Күзгі бақта», «Көктем», «Қар туралы жыр» «Көктемде құрғап беткейлер» т.б.
Сәулеге толып етегің,
Осылай ылғи күттіріп,
Өмірдің тәтті екенін
Кетесің бізге ұқтырып.
Баршаның сүйікті қаласына
айналған Алматыны жырына қоспаған ақын жоқ шығар. Сағи ақын да осы Алматыны өз
жырына арқау етеді. Ақын Алматының қыс бейнесін жасауда, қыста қар жауғанда ол
жерге қалай түсетінін жеткізуде теңеу сөздерді ұтымды пайдаланып, ғажайып бейне
сомдайды.
Ұйтқып-соғып аласұрған көңілдей,
Бір-ақ түнде ақтарылып төгілмей
Қара жерге түседі ылғи жасқанып
Қалыңдық боп жаңа түскен келіндей.
Көктем. Халықты ерекше
бақытқа бөлейтін көктем. Барша адамның сүйіктісіне айналған көктем. Ақын осы
бір мезгілде адамдардың, сонымен қатар барлық жандардың ерекше
көңіл-күйін, қуанышқа толы бейнесін бізге әдемі етіп жеткізе біледі. Мысалы,
«Көктем сәулелері» деген өлеңінде:
Билейді белін мың
бұрап,
Найзағай бұлттың ішінде
Көтеріп басын гүл-құрақ,
Қарайды сол бір мүсінге, -дейді.
Дірілдеп жалғыз жапырақ
Денесін суық
қарыған,
Ақырғы сәтте жатып
ап,
Айрылар емес талынан, -деп басталатын «Күзгі бақта» деген өлеңінде жадыраған жаз айының
өтіп, сұр түске боялған күздің келе жатқанын, осы мезгілде жап-жасыл түске
боялған жапырақтар сары түске айналғанын, бірақ жапырақтар жаз бойы бірге
болған бұтақтарымен қоштасып айырылғысы келмейтінін әсерлі етіп баяндайды.
Қатал бір қара түкті қол
Жұлып ап оны оңай ақ.
Қандай ақынның болмасын,
өлең жазудағы шеберлігін көрсететін өзіндік ерекшелігі болады. Мысалы ақынның
өз туған жеріне арнаған өлеңдерін оқысаңыз, туған жерінің суретін қалай көріп,
қалай қабылдайтынын байқайсыз. Сағи ақын табиғатты суреттеуге жеңіл-желпі
қарамайды, ол әдемі, бейнелі сөздермен суреттеп көрсетеді.
Қоңырқай тартып
реңі,
Қойғандай алдын құрсаулап,
Бір шөкім бұлтқа тіреліп,
Сәулелер жерге тұр саулап.
Бұл өлеңде туған жерінің
сұлулығын, әсем келбетін ақын ешбір артық сөз қолданбастан шебер суреттеп
көрсетеді.
Ақша бұлттар мен ақ қарға.
Елім мен
Туған жеріме саулық тілеймін
Жаңарып әр күн,
Ағарып әр таң атқанда!
Әр адам үшін өзі
туып-өскен мекені әрқашан ыстық. Туған жері үшін ол қолынан келгенше бәрін
жасауға, өзінде бардың бәрін беруге дайын тұрады. Сағи Жиенбаев бұл
туралы «О,Туған жер, барымның» деген өлеңінде былай келтіреді:
О, туған жер, барымның
Сәттілері сенікі.
Балы болса жанымның
Тәттілері сенікі.
Туған жер! Оған
татымды теңеуді о заман да бұ заман, қандай ақын тапты екен. Ақын
өлеңдерін оқып отырып, туған жеріне, халқына деген сүйіспеншілікті
анық, айқын көресің.
Жолдаған: Гүлнұр Тойшыбекқызы
Жазушы Тобық Жармағанбетов туралы естеліктер
Аға альбомы
Тобық ағам қандай да мағыналы
сәттерді есте қалдыруға мұқият қарайтын еді ғой. Сондай реттен де болар, бірде
маған соле кезде екінің бірінің қолына түсе бермейтін әдемі альбом алып келіп
берді. «Осыған жақсы күндердің күәсі болатын суреттерді сала бер, кеін жақсы
естелік болады», - деген еді ол.
Жан ағамның артында қалған жәдігер сынды осы
сый менің жанымнан қалған емес. Оның ішінде Тобық ағамның өміріне қатысты да
көптеген суреттер бар.
Ағам өмірден өткелі қанша жыл болды, оның
осы альбомды әкеліп берген сәті көз алдымнан кетер емес.
Ол осындай қимылдармен бізге тәлім-тәрбие
беретін еді. Жақсылыққа қарай жетелейтін, әсемдікке баулитын.
Қазір де сол альбомды қолыма жиі
ұстаймын. Тобық ағам туралы естеліктерді жинағанда да осы дүниеге көп үнілдік.
Аға берген альбом – мен үшін соншалықты
ыстық жәдігер.
Әсем Жармағанбетова.
Әшір әкелген кітап
Байғанин аудандық оқу бөлімінде
оқу-тәрбие саласы бойынша аға инспектор болып қызмет жасаған Әшір Саламатовтың
үйі бізбен іргелес көрші болатын. Сіз-біз дегендей аралас, келіншегі Несібелі,
балалары да өз адамдарымыздай еді. Оның үстіне Әшір Тобықпен облысытық
телестудияда бірге еңбек етті. Түрлі жұмыс реттерінде де бірге жүрді.
1974 жылдың күз айының бірінде Әшір
күндегіден ерекшелеу, қолында жұқалтаң кітабы бар, арсалаңдап үйге келіп:
- Әсем апа, өзің білесің Тобық менің де
қымбатты ағам еді ғой, - деді. – Қарашы,
мына 5 класқа арналған дидактикалық материал кітабына Тобықтың шығармаларынан
үш-төрт жерде үзінділер алып, мұғалімдерге көмекке ұсынылған. Талантты еді, өте
бауырмал, үлкен жүректі, кең адам ғой. Тағдырға не істерсің?
Осылай деді де, сол қамығу қалпында
қолындағы кітаптың бірінші бетін ашып, «Әсемге! Тобық талантына әр уақытта бас
иетін інісі Әшірден» деп жазғанын көрсетіп, шығармаларынан алынған үзінділерге
белгі қойып, кітапты маған ұсынды.
Сосын «Аяулы аға туралы менде үлкен бір
еске алу жазатын көп ойлар бар», - деді-ау інісі Әшір де.
Көп ұзамай бұл азамат та өмірден өтті.
Міне, тату көршім, әрі туған бауырымдай болған Әшірдің сол кітап беру сәтіндегі
Тобыққа деген жүрекжарды ыстық ықыласы мен ниетін ағасына арналған кітапқа
екеунің де әруағы, рухтары риза болсын деген оймен енгізуді жөн көрдім.
Әсем Мырзағұлқызы
Тобық Жармағанбетовтың қабірі басындағы сөз
Біз рухани
көшбасымыздан айырылдық! Еңіреп қалған бізбіз. Тобықтың амандығына қуанушы
едік, амандығы – дәулет еді, дәулетіміз жоқ, бір ауыз жылы сөзі – сыйлық еді,
ол да жоқ . Тұлмыз. Айы жоқ қараңғы түн түсіп, қос өкпесі қарс айырылып,
аңтарылып абдырап қалған біздерміз.
Біз бес-алтау едік. Тобық біздің
амандығымызға қуанушы еді. Біздің бәріміз де Тобықтың алдында еңкейіп ауырып,
еңсемізді Тобық сүйеп, жерге жолатпай көтеріп еді. Біздің алдымызда Тобық
ауырып, біз оны істей алмай да қалдық, аянған жоқпыз, халқым. «Боздағым-ау,
боздатып кеттің» деп тұрмыз.
Байганиндей алыс далада, түні қалың
далада Тобық өктем жарқырап туды, біздер, бүгінгі дарын қонған Тобықтың
әскерлері, сол жарыққа үймелеген көбелектер еді. Көбелек жарықты сүйіп қалай
отқа ұрынса, біздің Тобыққа деген ішкі сезіміміз сондай қиямет-қайымға шыдайтын
ерекше қимас сезім еді.
Тобық Байғанин ауданының әдебиетін
жасады, біздің сол әдебиеттің қазанын асып-түсірісуге жинап алған еді. Байғанин
топырағының мәдениетінде Тобықтың орны XIX ғасырдағы орыс әдебиетінің қайсысы болсын,
родоначальнигіндей орын еді. Байғанин әдебиетшілері деген рудың көсемі болды,
абызы болды. Жақсылық-жамандықты соған жорытатын едік, аспанға ұмтылған біздер
соған ғана бағынатынбыз, содан ғана қорқатынбыз.
Енді «Өмір деген өксігін баса
алмастан жүр еді, өмірінің бар гүлін аша алмастан жүр еді» деп қалдық .
Аспанның тентек бұлты-ау, естисің бе
сен мені, алжыған Жем-ау, естисің бе сен мені, жаппай бұғып жатқан өлі
аруақтар, сендер де естіп жатырсыңдар. Тобығыма бас-көз бола гөр, табиғат.
Тентек жел, тентектік жасама, абайла! Ақ жауын, алас ұрма, жапалақ қар, мазасын
алма, абайла!
Қадірлі жолдастар, замандастар, амал
нешік, дүние осындай: керуен қонады-көшеді. Қанағатымыз мынау: бекерге көшпейді.
Бір ұрпақ аудан еңбекшілерін тәрбиелеп көшті. Тобық, оның елге сіңірген
еңбегі-бізбіз, оның елге сіңірген еңбегі-бірнеше мың беттік әдебиеттегі хаты.
Біз арманын айтамыз, шығармалары - өзі болып жүреді, өзі болып өмір сүреді.
Тағдырға жүргізетін билігіміз осы ғана.
Халқым, айтайын дегенім осы. Сенің
аруағындағы қорғай күн кешеміз, сенің әдебиеттегі орныңды талмай түсіндіре күн
кешеміз.
Сен бізді өсірдің, сол үшін халық
атынан, Тоқа, саған мың мәрте рахмет!.. Қайран азамат, қадірлі жазушы, жан
Тоқа, хош, хош, хош!!!
Сәбит
БАЙМОЛДИН, ақын
1973 жылдың қазан айы.